Меню KDT
МЕНЮ

Негізгі бет  > Сайыстар  > Письмо ветарану  > Письмо-Сочинение

Письмо-сочинение

                                                            Ұлы баба есімі-ұрпаққа үлгі!

 Бауыржан Момышұлы (1910-1982)-ел еркіндігін, бостандығын, тәуелсіздігін қанымен қорғаған Кеңес Одағының батыры, Отанын қорғау жолында жанын садаға еткен, қайсар да, қаһарман, батыр. Бауыржан Момышұлының бүкіл табиғатына, тұлғасына, болмысына, өмір жолдарына бір-ақ теңеу бар. Ол-батыр. Қалған атақ-даңқтарының барлығы Батырдың от бейнесінің жалын шашқан шоқтары.
 Момышұлы Бауыржан-екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері.Туған жері-Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені.
 Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскерге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң,ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады.
 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады. Батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.
 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі талантты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.
 Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында іскер, қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірбан тәрбиешісі де бола білді.
 Ұшы қиыры жоқ қазақтың кең даласының терең тарихында талай батырдың аты қалып, ел көгертер талантты да талапты ұрпағын тәрбиелеуге зор ықпалын тигізіп жатыр. Олардың еңселі ескерткіштері жас жеткіншектерге жөн сілтеп тұрғандай Алпамыс, Қобыланды, Қабанбай, Бөгенбайлар-қол бастаған батырлар. Осыдан 100 жыл бұрын болған көтеріліске бас шылық жасаған Амангелді де-батыр. Бауыржан Момышұлы да шыбықты аттай мінген балауса балалық шағында батырлардың даңқына, ерлігіне қанық болып өсті. Еліктеген де болар. Бірақ солардай жауға шығып, қантөгісте жанын шүберекке түйіп, қол бастаймын деп армандамаған шығар. Арыдағы Алпамыстар мен берідегі Баукеңдердің ұқсастықтары мен ерекшеліктерінің басты айғағы- оларға Батыр атағын халықтың өзі берді.
 Бұл атақ атамыздың көзі жұмылғаннан кейін  берілгені өкінішті. Бірақ, шындықтың салтанатына деген біздің риза көңіліміз әсте ортаймақ емес. Еліміз бен бүкіл жерімізді  шапқыншылықтан қорғап, Отанның қалтқысыз жауынгеріне әрқашан да басымызды иіп, тағзым етеміз.
 Бауыржан Момышұлының жастарды ерлік, ұлтжандылық, туған тілді құрметтеу, батырлық, үлкенге ізет көрсету, намысшылдық тағы басқа жақсы қасиеттерді келешек  ұрпақтардың бойына сіңіретін, ұлттық-патриоттық рухын көтеретін  кітаптары мен асыл бейнесі ешқашан ұмытылмайды.
  Келмей-ақ та қойыңдар, той барыңдар,
  Егін егіп, жайлауда қой бағыңдар.
  Тоғызыншы майдағы жеңіс күні,
  Жаны сірі солдатты ойға алыңдар!-деп өзі айтқандай, бүгінгі таңда
  Батыр есімі халқымыздың ойында, жүрегінде.

9«Б» оқушысы: Жалелова Арай
Пән мұғалімі: Жексенбина Арай Балтабекқызы

                                      Өшпес тұлға

      Шолпан жұлдыз-өзіңсің шоқтай жарық,                 
      Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып.
      Туған жердің төсінде мәңгілікке,         
      Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып,-
демекші, Сейдолла Бәйтереков ағамыздың осы бір «Әлия» әніндегі өлең жолдары қаһарман қызымыздың таң алдында жарқырап туатын шолпан жұлдызы екендігін дәлелдей түскені сөзсіз. Әлияның ғұмыры құйрықты жұлдыздай қысқа болғанымен, балғын қызымыз қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында кейінгі ұрпақ айтып жүретіндей, ешқашан ұмытылмастай ерлік жасап үлгерді. Оған дәлел, Ұлы Отан соғысында жауқазын ғұмыры қиылған Әлияның ерлігіне арнап көше аттары, мұражайлар мен ескерткіштер салынып,  көптеген мектептерге есімі берілуі, көркем және құжатты фильмдер мен  дастандарда, тіпті  Әлия рухына арнап Сейдолла Бәйтереков ағамыздың  кестеленген арнауының өзі батыр қызымыздың қазақ халқының жүрегінен өшпестей орын алып, адамзат санасынан шет қалмағанын дәлелдейді емес пе!?
 Батыр қызымыз 1924 жылдың 24 жұлдызында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылындағы Нұрмұхаммед әулетінде «шыр» етіп дүние есігін ашқан болатын. Бірақ, бес күндік ғұмырында өмірдің тауқыметін көрген Әлия небәрі сегіз жасында анасынан айырылады. Осылайша, Әлияның өмірі түбегейлі өзгере бастайды. Енесінен айырылып, ботадай боздаған қос жетім – Бағдат пен Әлия асқартаудай әкесінің тәрбиесінде қалады. Кейіннен әкесі Әлияны нағашы әжесі Тәжікенге беруге мәжбүр болады. « Бала балдан тәтті, немере баладан да, балдан да тәтті»,-  дегендей, әжесі Тәжікеннің өзі Әлияны өзінің баласынан да артық жақсы көріп, бар мейірімін төгеді. Әжесі барынша жақсы қасиеттерді немересінің бойына дарытуға тырысады.  Үй – іші Әлияны өте жақсы көреді. Онымен қоса, өзімен құрдас нағашысының қызы Сапурамен өсіп, балалық шағын өткізеді. Молдағұловтар отбасы көп ұзамай Ташкентке қоныс аударды. Бірақ, Әлия Ленинградта қалып қойды. Өзі бауыр басып кеткен қаланы тастап жан амандығын тілейін деп басқа жаққа бас сауғалауға ешкімнің сөзі көндіре алмады. Туыстары Әлияны Нева үстіндегі қалаға қалдырып бара жатып қатты қорыққан еді.Ленинградқа көшкенде, отбасы жағдайына байланысты нағашысы Әлияны №46-шы балалар үйіне тапсырады. Көп ұзамай, Әлия тез үйреніп, Ленинградты да шын жүрегімен жақсы көріп кетеді. Балалар үйінде өзінің өжет, өте ұстамды, терең ойлылығымен,талапшылдығымен көзге түседі. Өмірге деген құлшынысы соншалықты, еңбекқорлықты алға қоюының арқасында еріншектікті, жалқаулықты жек көріп, жалқау балаларға достарының алдында ұрсып сынағанын, талапшылдығын, ақылдылығымен қоса ән айтып би билейтінін, бірақ ашылып сөйлей қоймайтын тұйық қыз болғандығын  бірге оқыған сыныптастарының естелігінен байқауға болады. Осылайша, өмірдің тауқыметін жастайынан көріп өскен Әлия, өзінің өжет мінезінің арқасында мойымай, жан-жақты болып бой жетеді.
 Соғыс оты тұтанған кез...Тарих қойнауына жүгінсек, екінші Дүниежүзілік соғыс жаңғырығы ғасырлар қойнауына сіңген сайын тарихта із қалдырған адамдар туралы естеліктерге ықыласымыз ерекше арта түспек. Күллі Кеңестік одақ фашистік германиямен күресті. Баршасы тек жеңісті бетке ұстады. Әрбір полктың батальонының ұланғайыр елдің әр түкпірінен келген өз батыры  болды. Қазақстанда ержүрек ұлдары ғана емес, қазақ қыздары да өз ерлігімен танылды. Солардың бірі - Әлия Молдағұлова еді. Адам айтса нанғысыз  соғыс басталысымен, Әлия балалар үйімен бірге Ярослав облысының Вятское селосына эвакуацияланады. Бірақ, өзі оқыған қаласының құрсауда қалғаны жас жеткіншекті қатты алаңдатады. Осыдан кейін, 1942 жылы  снайперлер дайындау мектебін аяқтайды да, майданға жіберу туралы өтініш жібереді. Осылай, Бұлақ ауылынан шыққан балғын қыз мергендер мектебінің курсантына айналды. Жақсы атқыштардың бірі болғанымен, атыс-шабыс алаңында біліктілігін іс жүзінде көрсетуге рұқсат етпеді. Бірақ, жас қазақ қызы алған бетінен мойымай, тек алға ұмтылып, жауға қарсы оқ жаудыруға асықты. Тіпті, бір хатында ол өз құрбылары мен достары үщін фашистерден кек алуды қалайтынын жазған. Осылайша, алдында кездескен кедергілерге көз жұма қарап, «қалай да болса, майданға кетемін»,-деген ұстанымының арқасында 54-ші атқыштар бригадасымен майданға аттанады. Майданда аштыққа да, қиындықтарға да төзіп, құралайды көзінен атқан мергендігімен көзге түседі. Майданға он жеті жасар Әлия 1943 жылдың тамыз айында аттанды. Ер азаматтармен қатар ол әскери өмірдің ауыртпалығын қайыспай көтеріп, қасыққаны тамғанша соғысты. Қазан айының бас шегіне қарай мерген қыз Әлия отыз екі жол солдатымен офицерін атып өлтірген болатын. Осымен қоса, бір күнде жеті немісті атып түсіреді. Тіпті, роталарының  командиры қаза  тауып, жауынгерлері сасып қалғанда, Әлия атып тұрып: «Отан үшін алға!»,-деген ұранмен  жауынгерлердің рухын оятып, соғысқа деген күш-жігерлерін арттырды. Бұның өзі Әлияның ержүректігін дәлелдейтіні сөзсіз. Менің ойымша, осындай қайсар мінезінің арқасында ол ештеңеден қорықпай, тек алға ұмтылуды көздеді. Бірақ, бұл ұзаққа созыла қоймады. Ал, 1944 жылдың қаңтар айында Ленинград түбінде Кеңес әскерлері шабуылды үдетті. Мерген Молдағұлова әскери қызметте болған батальон Казачиха деревнясынан жауды қуып шығу туралы бұйрық алғаннан кейін, батальон таң сәріден шыбуылға шықты. Артериялық соққыдан құты қашқан фашистер қыбыр етпеді. Тек окоптарға бірер қадам қалғанда ғана гитлершілер пулеметі сақылдап қоя берді. Дәл лақтырған гранатамен Әлия оның үнін өшірді. Сөйтіп, жау бекінісінің алдыңғы шебі алынған еді. Бір күн ішінде батальон екі ірі шайқасқа тойтарыс берді. Ал, келесі күні таңертеңгілік қайта шабуылға шықты. Шабуылдың үшінші күні, яғни  1944 жылдың 14-ші қаңтарында Әлияның қолында автомат болды. Жеңіл жұлынған шинельінен қар үстінде жатқан күйі Молдағұлова салқын қандылықпен дәл көздеп жауға оқ атумен болды. Жау оғы оның мылтығының көздеуішін сындырып жіберген мина жарықшағынан қолы жараланды. Осыған қарамастан гитлершілдер шабуылы басым болды. Осы кезде траншея тасасынан фашист офицері Әлияның кеудесінен оқ атты. Соңғы күшін жинаған фашист офицері қызымызды дәл көздеп шалқасынан түсірді. Шала-жансар Әлияны сарбаздар көріп, майдан даласынан алып шыққан болатын. Бұл он тоғыз жасар жау жүрек қыздың соңғы ұрысы еді.  Себебі, майдан даласында 1944 жылдың  14-ші қаңтарында Отаны үшін батырлықпен оққа ұшып, оқ астында жер бауырлап жатып қалған небәрі 19 жастағы Ақтөбелік мерген, Ленинградтың ер қызы Әлия Нұрмұхаммедқызы Молдағұлова болатын. Ол Новосокольники маңындағы ауыр шайқаста қаза тауып, жас жеткіншек қыршынынан қиылады. Оның ғұмыры қысқа, бірақ баянды ғұмыр болғанымен бірнеше буын өкілдері үшін Әлия Молдағұлова есімі аңызға айналды..      Қазіргі кезде қаһармандардың ерлігін еске алып ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналған. Сұрапыл соғыстың үні өшпегеніне 69 жыл өтседағы, сол заманның сипаттары, отандастарымыздың батырлығы әлі күнге дейін ұмытылған емес. Бүгінде Республикамызда ардагерлеріміздің саны саусақпен санарлық. Өкінішке орай, шежіре көзді ардагерлеріміздің қатары жылдан жалға азайып келеді. Ата – бабаларымыздың батырлығы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сондықтан оларға ықылас көрсету бір жағынан қастерлі парыз болса, екіншіден жас буынға тәлім -тәрбие болмақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, сұрапыл соғыста Әлия қыздың ерлігін ешкім де ешқашан ұмытпайды! Оның адами ерлігі уақыт лебі сөндіре алмас шамшырақтай адамдардың жүрегінде мәңгілік от болып, шоқ жұлдыздай маздай бермек.

                       10 “Ә” сынып оқушысы: Жанайдар Маржан.
                       Пән мұғалімі: Жексенбина Арай Балтабекқызы.