Меню KDT
МЕНЮ

Негізгі бет  > Сайыстар  > "Қош келдің, Әз-Наурыз"  > Ұлттық ойындар

Ұлттық ойындар

 Ұлыс тойының тойлану барысында төмендегідей дәстүрлі ұлттық ойындар ойналады:




 
КӨКПАР
— өте ертеден келе жатқан ойын. Ежелгі адамдардың календарлық түсінігі бойынша бір жыл 6 ай жаз бен 6 ай қысқа бөлінгендіктен, жаз айларының бейнесіне «оттан жаралған» қой малы, қыс айларының бейнесіне «тастан жаралған» ешкі түлігі алынған. Жадырап жаз шыққан сәтте «зұлымдық атаулының аты өшсін» деген сеніммен, қыс бейнесі — қара ешкі сойылып, додаға салынады екен.
 Көкпарды тарту тәртібі: көкпаршылар алаңды айналып тұрады. Қолында көкпары бар төреші оны алаң ортасына тастап, «баста» деп әмір береді. Лап қойған жігіттер лақты ас салады. Белгіленген межеге көкпарды кім бұрын әкелсе, сол жігіт жеңімпаз атанып, тиісті сыйлығын алады.

 
АУДАРЫСПАҚ. Топ-топ болып жиналған жігіттер аламаннан суырылып шығып, бір-бірін аттан аударып тастауға тырысады. Кімде кім қарсыласын ерден жұлып алса, халайық қошаметтеп, жеңілгенін қыран-топан күлкімен шығарып салады.


КҮРЕС. Бұл ойын туралы сөз ете отырып, ертеректе Наурыз тойында жігіттерді күреске қыздар да шақырғанын еске саламыз. Ойынның шарты бойынша, егер жігіт жеңсе, сол палуан қызға үйленуге хақы бар. Ал қыз жеңіп кетсе, жігітке өз қалауын орындатады. Өзара белдесіп, Наурыз күні үйленген жастарға халқымыз мейлінше сый-құрмет көрсетіп, «той тойға ұласты» деп, той шығынын көптеп көмектеп өздері-ақ көтерген. Бұл ойынның бастау көзі тереңде жатса керек. Ежелгі сақ елінде жігіт өзіне ұнаған қызды күрес үстінде жеңсе ғана үйленіп, жеңілсе қыздың тұтқынына айналған. Немесе, орта ғасырда өмір сүрген Түркістан билеушісінің Ангиарм атты көрікті қызын ешбір палуан жеңе алмаған соң, күйеуге тимей отырып қалған.



ҚЫЗ ҚУУ — көнеден келе жатқан ойын. Бұл ойынның өзекті мәні — табиғатынан ұяң қыз балаға өзіне ұнаған жігітіне жүрек сырын сездіруіне мүмкіндік туғызу. Ойын тәртібі былай: астында әдемі жабулы сәйгүлік мінген, басында қарқаралы бөркі бар, кемер белдікті, қынамалы қызыл камзолды, үстінде етегі бүрмелі торғын көйлек киген бойжеткен ортаға шығады. Топ-топ болып тұрган жігіт- терден өзі ұнатқанын қамшымен түртеді де шаба жөнеле- ді. Қыз түрткен жігіт атын тебініп алға шығады да, қыз соңынан қуа жөнеледі. Жігіт соңынан қуып жеткенімен қыз біресе оңға, біресе солға жалтарып, бұлт етіп ұстат- пауға тырысады. Ойын шарты бойынша қуып жеткен жі- гіттің қолы қыздың кеудесіне тиюі керек. Сол уақытта ғана қыз жігіттің құшақтап сүюіне ерік береді. Егер жігіт қуып жете алмаса, онда қыз қолындағы қамшымен жігітті бас демей, көз демей төпеп, орнына қуып әкеледі. Халқымыздың дәстүрі бойынша ойынға түскен екі жастың үйленуіне болады.


АЛТЫБАҚАН.Алтыбақанды құру үшін әрқайсысының ұзындығы 3—4 метрдей алты сырық ағаш пен мықты арқан керек. Мосыға ұқсатып үш-үштен ағашты бір жақ басынан байлап, жерге қадайды, ортасына көлденең тағы бір сырық қояды. Ойнаушылар аяғын тірейтіндей етіп түйіп, арқан байланады. Бір-біріне қарама-қарсы отырып тербелген алтыбақан тебушілер ән бастайды, жердегілер оған қосылады. Айлы түнде шарықтап тепкен алтыбақан мен шырқата салған ән тойдың сәні.

БАЛТАМ ТАП. Дөңгелек отырған топтың ішінен бірінші ойнаушы «Балтам тап» деп қасындағы көршісін иыққа нұқып қалады. Ол «Қашан алдым балтаңды» деп әлгі ойыншының өзін нұқиды. Ойын бастаған адам «Сен алмасаң, кім алды» деп жаңағы ойыншыны тағы түртеді. «Мына балтам алмаса» деп ол өзінің екінші жағындағы ойыншыны нұқиды. Ол қайтадан «Қашан алдым балтаңды?» деп әлгі адамның өзін нұқиды. «Мына балтам алмаса?» деп өзінің көршісін түртеді. Осы тәртіппен ойын соңғы манағы бастаушыға жеткенде, ол: «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар деп» екі жақтағы көршілерін нұқып қап өзі ойыннан шығады. Ойыннан шыққан жастар бір ән айтады не күй тартады әйтпесе күлдіргі әңгіме айтып береді.

ТЕҢ КӨТЕРУ.Кілемнің немесе жазық жердегі көгалдың үстіне бір жігіт етпетінен жер бауырлап жатады. Енді тең болатын жігіттер әлгі жатқан адамның екі жақ бүйіріне келіп қарама-қарсы отырады да, екеуі аяқтарын жігіттің арқасына салады. Отырған жігіттер бірінің аяғын бірі мықты ұстап алып:
Тең-теңімен,
Тезек кабымен,
Ең алдымен сен көтер,
Екеумізді тең көтер»,— дейді.
Жатқан жігіт әлді болса, үстіндегі екі жігітті көтеріп алып, төрт тағандап жүреді. «Тең көтеру» ойынын кейбір күшті жігіттер екі иығына екі-екіден төрт адамды отырғы- зып та ойнайды.

БАҒАНАҒА ӨРМЕЛЕУ. Биіктігі 9-10 метр бөрененің сыртын жылтырата тазалап, тіктеп орнатады да оның басына бір қымбат бұйым іліп қояды. Кімде-кім өрмелеп басына шықса, сол ілулі тұрған сыйлықты алады.


АРҚАН ТАРТЫС. Ойнаушылар бес-бестен бөлінеді де ойын басқарушының берген белгісі бойынша арқан тартысады. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп әкетсе, сол жағы ұтады да, бәйгесін алады.


ЖАЯУ ЖАРЫС. 100 метр, 300 метр, 500 метр, 800 метр және бір шақырымдьіқ қашықтыққа жаяу жарыс ұйымдастырылады. Кім озса, соған сыйлық беріледі. Қорыта айтқанда, дәстүрлі Наурыз тойының қалыптасуына ежелгі Евразия даласын жайлаған көшпелілердің дүниетанымдық түсінігі мен философиялық көзқарасы негіз болды.


ТЕПЕ-ТЕҢДІК
. Наурызды қарсы алу мерзімі Күн мен Түн (қараңғы мен жарық), Қыс пен Жаз (ыстық пен суық) тепе-теңдікке келген сәттен бастап тойлануы тегіннен тегін емес. Осыған орай ата-бабаларымыз Табиғат пен Қоғам, Ел мен Ел және қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың ара қатынасында да ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІҢ сақталуын талап еткен.
 Өткен ғасырларға дейін әлемде адамзат пен табиғат арасында біршама тепе-теңдік сақталып келгені белгілі. Ал XX ғасырдан бастап ғылыммен, техникамен қаруланған адам баласы осы тепе-теңдікті бұзып алды да, жер-жаһанға экологиялық апат төнді. Наурыз тойланбаған соңғы 62 жыл ішінде ғана, мысалы, Қазақстанда қаншама бұлақ көзі ашылмай, өзендер суалып, теңіз-көлдер түптен шайқалды, қаншама шыбық отырғызылмай, орман-тоғай жоғалды?! 
 Жер бетіндегі ел мен елдің, ұлық (көп санды) халықтар арасында тепе-теңдік заңы сақталған жағдайда ғана олар бейбіт қатар өмір сүре алады.
 Наурыз күні адам атаулының арасында «хан», «қара», «әйел», «бала» деген болмай, толық теңдік орнайды. Күні бүгінге дейін тілімізде айтылатын «Құлға да бір күн азаттық», «Құлдан да бір тілек бар» деген мәтелдер, «Наурыз жырындағы»:
«Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан»,— деген жолдар осы бір көне салттың айғағы. Сондықтан да бұл күн —«Ұлыстың ұлы күні» деп аталған.

ИГІЛІК КӨЗІН АШУ. Наурыз тойында жігіттер бастаулардың көзін ашып, айнала төңіректі тазартады, қариялар тал егеді, әйелдер бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеді. Осылайша табиғаттың өсіп-өнуіне жағдай жасалады. Сондай-ақ ел ішіндегі талант иелері — ақылшы көсем, қызыл тілді шешен, он саусағынан өнер тамған шебер, құралайды көзге атқан мерген, жауырыны жерге тимеген палуан, күміс көмей, жез таңдай әнші, құдіретті күйшілер арасынан озып шыққандар елеп-ескеріліп, Ұлыстың ұлы күні олар халыққа танылып, аттары алты алашқа мәшһүр болады.


ЖАҢАРУ (ар алдында есеп беру). Ұлыс күні аспан денелері өзінің бастапқы айналу нүктесіне келеді. Мал төлдеп, жер көктейді, жан-жануарлар түлеп, дүние жаңарады. Осыған орай адамдар да жуынып-шайынады, су жаңа киімдерін киеді. Сонымен бірге бұл күні әр азамат көктөбеге көтеріліп, өткеніне есеп беріп, ар-ұжданы алдында арылуы қажет саналған. Ел басшылары ат құйрғын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел-руларды, дос- жолдастарды табыстырып, ел бірлігін күшейткен. Жанұясын тентіретіп жібергендерді қайта қосып, жалғыз-жарым жетімдерді жеке отау қылған. Жұтағандарға жылу жинап, кембағалдарды туыстарының қарауына міндеттеп тапсыр- ган. Жаман әдетке үйір болғандарды көпшілік талқысына салып, түзелуге уәделерін алған. Бір сөзбен айтқанда, Ұлыстың ұлы күні осылайша қоғам да жаңарған.
 Яғни, жоғарыда аты аталып, түсі түстелген қазанның үш бұтындай үш шарт — ТЕПЕ-ТЕҢДІК, ИГІЛІК және ЖАҢАРУ — үшеуі қоғамда үйлесімін тауып, тоқайласқанда ғана құт қонып, береке орнайды. Сол себепті Наурыз тойында «ағыл-тегіл молшылық болсын» деп наурызкөже ішіледі.
 Қорыта айтсақ, көптеген халықтардың салт-дәстүріне айналған Наурыз тойының қалыптасуына Табиғат пен Қоғамның, Ел мен Елдің, Адам мен Адамның ара қатынасындағы тепе-теңдік заңын бұзбайтын, бастау-бұлақтар мен таланттардың қайнар көздерінің ашылуына мүмкіндік туғызатын және әрбір жеке адамның ар-ұятының тазалығын сақтайтын ұлы өнегелер мұрындық болған.