Меню KDT
МЕНЮ

Жаңалықтар

Недостаточно полномочий

«Эко сағат» республикалық акциясы

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне байланысты Нұр-Сұлтан қаласындағы №69 мектеп гимназиясында «Эко сағат» республикалық акциясы болып өтті. Оған еліміздің Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Тұрғынбаев Ерлан Заманбекұлы арнайы келіп қатысты. Бір уақытта аталған оқу ордасында бірінші ауысымдағы 57 сыныпта 1754 оқушы бұл шараға бір кісідей атсалысты.

Оқушылардан құралған «Домбыра-Дастан» оркесторы қонақтарды Құрманғазының «Балбырауынымен» қарсы алды. Әрі қарай қонақтар «Эко Әлем» атты көрмеде оқушылардың өз қолымен пластикалық, қағаз, ағаш, полиэтилен пакеттерден жасаған заттарын тамашалады. Қарапайым үй жағдайында керек құрал-жабдықтар мен естелік кәдесыйлар, көздің жауын алатын небір тың туындылар таңдай қақызбай қоймады. Бірі астанамыздағы белгілі биік ғимараттардың макетін жасаса, енді бірі ұшақ, көлік, жан-жануарлардың бейнесін бейнелепті. Түрлі қабырға газеттері де адамзат баласын табиғатты қорғауға үндеп тұрғандай. Тіпті, түрлі-түсті полиэтилен пакеттерден, газет қиындылары мен қатырма қағаздан жасалған киімдерді киіп, сап түзеген балаларға назар аудармай өту мүмкін емес еді.

Көрмені тамашалап, ұзын дәлізді бойлай өткен қонақтарды мектептің кадет сыныптарының оқушылары арнайы формамен, жалаушалармен қарсы алды. Екінші қабаттағы мектептің АКТ залында аталмыш іс-шара жалғасын тапты. Жиында сөз алған еліміздің Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы оқушыларды жаңа бастамасына сәттілік тілеп, табиғат-Ананы қорғау керектігін құптайтындығын жеткізді.

– «Эко сағат» акциясын алғашқылардың бірі болып өткізіп отырған №69 мектеп-гимназиясы басшылығына алғысымды білдіремін. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау тек бір күндік акциямен шектелмеуі керек. Бұл – әр күн сайын орындауға тиісті адамзаттық борышымыз.

Қоршаған ортаны қорғауды біз ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Әрбір бала, әрбір ата-ана, әр адам жүрген жерін, үйі мен жұмыс орнын, қоршаған ортаны таза ұстауға міндетті. Өйткені, адам мен табиғат – ажырамайтын егіз ұғым. Біз – табиғаттың бір бөлшегіміз. Ондағы аң-құс, орман-тоғай, өзен-көл, ауа, су – бәріне адамзат баласының қамқорлығы қажет.

Ертеңгі ел болашағы – сендерсіңдер, балалар! Сондықтан да, саламатты өмір салтын ұстанып, спортты өмірлеріңе серік етіңдер! «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады», – деген. Оқу-білім алудан, ізденуден ешқашан жалықпаңдар! Өздерің жүрген кез келген ортаны таза ұстаңдар! Біз сендерге сенеміз!, – деді Ішкі істер министрі.

Ертегі сарынды электронды бейнебаян ешкімді бей-жай қалдырмады. Табиғат Анамыздың о бастағы көркем де сұлу сәтін сәтті бейнелей келіп, адамзат баласының өз қажеттілігі үшін ағаштарды кесіп, жан-жануарға қауіп төндіретіні, жетістік жолында түрлі зауыт, фабрикаларды соғу, түрлі көлік қатынас құралдарын ойлап табу арқылы, қоршаған ортаның «уланып» жатқанын айтты.

Одан кейін сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ержан Саденов та оқушылардың тазалықты сақтап, табиғатты аялау керектігін баса айтып өтті.

– Елордамыз ең таза қала болсын десек, онда біз өзімізден бастап, өзгелерге үлгі көрсетуіміз тиіс. Бүгінгі ой-пікірін білдіріп жатқан кішкентай бүлдіршіндерімізге іштей разы болып отырмын. Міне, жұдырықтай жұмылып, осылай таза қала үшн жұмыс істесек, онда біз алмайтын қамал, біз жетпейтін жетістік қалмайды, – деді Ержан Сапарбекұлы.

Ал «Болашақ» және «Үнемшіл» топтары арасындағы викториналық сұрақтарға жауап беру, ситуациядан шығу тапсырмалары, табиғат туралы мақал-мәтелден жарыс отырғандарды ойландырып тастады. Әсіресе, 5 сынып оқушысының Ішкі істер министріне тосыннан қойылған сұрағына полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлының тосылмай жауап беруі де жиылған көпті бір серпілтіп тастады.

– Егер орман арасында жүріп, кездейсоқ өрт шығуына куә болсаңыз, не істер едіңіз?, – деген сұраққа, «Ойланбастан 101 нөмірін теріп, алдымен Төтенше жағдай қызметіне хабар беретін едім. Содан кейін өрт сөндірушілер келгенше өртті сумен не топырақпен сөндіруге тырысатын едім», – деп күлімсірей жауап берді Ішкі істер Министрі.

ҚР ІІМ Төтенше жағдай комитеті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Барат Дузакбаевқа сөз кезегі келгенде төтенше жағдайда керек басты қағидаларға тоқталды.

– Егер өрт не түтін шыққанын байқағанда, дереу 101 нөмірін теріп, өрт сөндіруші-құтқарушыларды шақыру керек. Ол кезде мекен-жайды нақты көрсетіп, өрттің көлемін де жобалап айту маңызды. Өрт қауіпті болғандықтан оның көлеміне сәйкес қауіптілігі де үлкен болады. Сондықтан да, кез келген жерде, қай мезгілде болмасын, қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Су, ауа – бәрі де тазалықты қажет етеді. Өйткені, біз ауамен тыныстаймыз және сусыз өмір де болмас еді. Ал электр тоғын пайдаланғанда қауіпсіздікті ұмытпау керек. Жай ғана жолдан өтудің де өз ережелері бар. Осы қауіпсіздік ережелерін сақтап жүру керек, – деді Барат Оспанұлы.

Қоршаған ортаны гүлдендіру өз қолымызда екенін ұғынған оқушылардың рухын осы мектептің 11 сынып оқушысы Ақжол Сабиғат шырқаған «Атамекен» әні одан әрі көтеріп жібергендей болды. Сөз кезегі Нұр-Сұлтан қаласы №69 мектеп-гимназиясының директоры Құсни Жүнісова келгенде, ол қонақтарға өз алғысын білдірді.

– Құрметті қонақтар! Құрметті мектеп оқушылары мен ата-аналар және ұстаздар қауымы! Ұйымшылдықпен өткізіп отырған бүгінгі іс-шараға үлес қосқандарыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Баланы жастайынан тазалыққа, оқу мен білімге, табиғатты сүюге, еңбекқорлыққа баулу – біздің басты парызымыз. Мұндай іс-шаралар мектебімізде жиі өткзіліп отырады. Бірақ, бүгін кең көлемде екі ауысымдағы 117 сыныптың 2984 оқушысы түгел атсалысып отыр. Түстен кейінгі сыныптар да осылай бір уақытта сыныпта эко сағаттар өткізеді деп жоспарлануда. Еліміздің гүлденуіне үлес қоса берейік!, – деді Құсни Қияшқызы.

Іс-шара соңы арнайы келген қонақтардың қатысуымен мектеп ауласына көшет отырғызумен аяқталды.














03.10

Посмотреть на карте Нур-Султана

Қабылдау телефоны:

+7 (7172) 57‒75‒80

Мектеп мекен-жайы:

Исатай батыр, 141/1