Меню KDT
МЕНЮ

Негізгі бет  > Сайыстар  > "Қош келдің, Әз-Наурыз"  > Наурыз көже-қасиетті ас

Наурыз көже-қасиетті ас

 Наурыз мерекесінің танымдық мәні мол, жұмбақ сырлы өзіндік рәсімдері мен шартты талаптары баршылық. Соның бірі Ұлыстың ұлы күні Наурызнамада дайындалатын «Наурыз көже»- ыстық ас. Ол кемінде жеті түрлі дәм, тағамнан жасалуы тиіс деген талап, түсінік бар.
 «Ұлыс күні қазан толса ол жылы ақ мол болар»,- деп халық жадында сақталған түсінік бойынша ол мейілінше мол жасалмақ керек. Оны «жақсы тамақ қалғанша жаман қарын жарылсын»- деп тоя ішу ғұрпы сақталған. Сондықтан да болар «Наурыз көжені» бірде «Көп көже», кейде «Тоқ көже» не «Қара көже», «Жақсы көже» дейді.
 «Наурыз көже» Наурызнамаға келген жұртқа түрлі, түсі, көлемі бірдей жеті ыдыспен таратылады. Тіпті алаңсыз тойғанша ішсін деген ниеттен болар, қаласа әркімнің өзі құйып алу еркі де болған. Мұның бәрі Наурыздың теңдік күні, еріктілік мейрамы, имандылық мерекесі деген түсініктен туса керек.
 Сондай-ақ «Қызыр түні» өтіп, Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, Жаңа күн жер дүниеге шапақты сәулесін шашқанда одан «Құт» құйылады деген түсінік бар.
 Бұл кімнің бойына, асына көп құйылатын болса оған жаңа жылда ырыс соншама көп оралып, аман-саушылық, ынтымақ-береке, оның өміріне серік болады деген сенім қалыптасқан. Ол күн көкжиектен көтереле  басталған алғашқы екі сағат мерзімде мейілінше қуатты, ерекше қасиетті, мол ырысты болады деп есептеледі.
 Сондықтан Ұлыстың Ұлы күні атқан таңды, шыққан күнді маңдайын тосып қарсы алып, тілейтін «Жаңа жыл құтты болсын!», «Құт дарысын!», «Құтың құтты болсын», «Жасың құтты болсын!» дейтін тілек түрлерінің мән, мағынасы айқындала, ашыла түссе керек. Демек наурыз күні күннен шығып құйылатын «Құт» біз кейде түсінетіндей дүние, мүлік, мал, қаржы түріндегі заттық қазына емес. Ол нұр, сәуле, адамның рухани жан дүниесін байытатын, тазартатын, нұрландыратын, сәулелендіретін, күш-қуат беретін қасиетті, құдіретті, киелі ұғым.
 Ата-бабамыз оны осылайша ұғып, түсініп күн- ананың құты жас ұрпақтың бойына, санасына молырақ дарысын, құйылсын, сіңсін деген ниетпен наурызнамада сойылған малдың бауыздау қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін салу ғұрпы сақталып келеді.
 Халқымыздың әлемсақтан жеті санын қасиетті дейтіні белгілі. Тіпті әлденені санағанның өзінде біреу, екеу... жетеу деп бөлекше түрде санайды. Ешқашанда сегізеу, тоғызеу.. демеген. Ұлттық таным бойынша жеті шәріп, жеті ғалам, жеті ғылым, жеті қазына, жеті жұрт, жеті қат көк, жеті қат жер... сияқты  жұмбақ сырлы сөз тіркестері мен түсініктері көп. Сол аталған жеті санына байланысты дүниелердің бірі де негізсіз емес.
 Біріне – бірі сабақтас нақты мәні, әрі ғылыми негізі бар дүние ұғымдар мен түсініктерді тану арқылы халқымыз ерте заманнан- ақ өнер, білім, ғылым ілімінің сан-саласына терең меңгергенін көреміз.
 Жеті санының жұмбақ сырын түсініп, түйсінуде халқымыздың әдет, әдеп, әлеуметтік, тұрмыстық заңының тамаша үлгісі «Жеті жарғыны» жасушалардың бірі Арғынның ел ағасы, ғұлама ғалым, би-Әнет бабаның есімімен байланысты бірсыпыра әңгіме, деректер сақталған.
 Дүниеде неше жетім бар?- деп сұрағанда Әнет- баба «Дүниеде жеті жетім бар». 
 Олар: «Сөз жетім, ынтаменен тыңдалмаса,
 Бөз жетім, киілместен тозған болса,
 Жер жетім иесі жоқ  қалған болса,
 Ел жетім, жақсы басшы арман болса,
 Көл жетім, қаз қонбаса, құстар ұшып,
 Ер жетім, жеке қалса, тізе құшып,
 Болмаса замандасың тойға барма,
 Басыңа жалғыздықтың торы түсіп»- деген екен.
 Топтап айтылған жеті түрлі бұл танымдық дүниелердің тәрбиелік те мәні зор. Сонда Жеті түрлі ас дәмнен жасалуға тиісіті «Наурыз көженің» құрамына кіретін тағам түрлері қандай деген сауал ойға оралары анық. Оны жете түсіну үшін жеті санының ғылыми негіздегі, өмір жүзінде көз жеткен мәніне тағы бір зер салалық. 
 Музыкалық әуен деті дыбыстан: до,ре, ми, фа, соль, ля, си, ал ақ сәуле спектрлік жеті түстен түзіледі. Адам баласы дүниедегі ішкі, сыртқы құбылыстарды жеті түрлі сезім мүшесі арқылы қабылдап, түйсінеді. Барлық сүт тағамдарын ақ дейді.
-Қарны тойғанда қазы; қартаға да кепияттана қалатын халқымыз үш күн« ет көрмесі тісі қышып қызылсырайтыны тағы бар. Барлық ет тағамын қызылға балайды.
-Тұзды, қасиетті қара дәм, қарабас тұз дейтінін білеміз.
-Көктемде тасыған су жер дүниені көк толқын ететіні белгілі.
-Май өзінің түсінің сарылығымен бірге халқымыздың ең асылын «Сарымайды» сақтайтынымен түсінікті.
- Бидайдың, тарының, талқанның, көжеге умаждап қосатын ұнды, кеспені қоңыр түске балау орынды. Ендеше астарлап сөйлейтін халқымыздың даналық үлгісімен пайымдағанда жеті түрлі дәм-тағамнан пісірілетін «Наурыз көже» нұр- сәулені түзетін жеті түрлі түске орай жеті түсті топтамаға кіретін дәм-тағамнан құралатын нәрлі де қуатты ас екені ақиқат.
Олар:
 1. Көк-су
 2. Қызыл – ет (соғымның басы, арнайы сақталған мүше, сыбаға- сүр ет, арнайы сойылған малдың еті).
 3. Жасыл-дән (түктелген, бөрттірілген бидай, арпа, тары, күріш...)
 4. Ақ – сүт (сүттен жасалған тағамдар- езілген құрт, қатық, айран)
 5. Сары – май (сары май, тоң май)
 6. Қоңыр- талқан, ұн, кеспе
 7. Қара- тұз- болуға лайық.
 Наурызнамада киелі «Наурыз Көжені» дайындап көптің алғысын, елдің ризалығына бөленген адамның алар сауабы мол, тұшынар ләззатына баға беру қиын. Әмсе, қазанымыз тоқ, пейіліміз ақ болсын!