Меню KDT
МЕНЮ

Негізгі бет  > Сайыстар  > "Қош келдің, Әз-Наурыз"  > Әз Наурыз



                                                          «Төрле Наурыз-2014»

  Мектепішілік шығармалар сайысында айырықша танылғандарын жариялап отырмыз. Шығармалар сайысына қатысқан барлық оқушыларға шығармашылық талаптарың өркендей берсін дейміз.
                                                                                                     Қазақ тілі және әдебиеті пәні бірлестігі

1 «Б» сынып оқушысы
Сулейменова Айдана

                                            Қазақ елінде Наурыздың тойлануы
 Наурыз көктемнің ең көркем айларының бірі. Наурыз айын қазақ халқында ерекше құрметтейді. Себебі наурыз қыстан шығып, күн нұрына бөленіп жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Ол күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді Ұлыстың Ұлы күні деп атаған. Мейрам күні қазақтар ұлттық киімін киіп, бір-бірлеріне қонаққа барып, жақсы тілектер айтады. Наурыз күні наурыз көже пісіріледі. Әр үйдің дастарханына сүт тағамдары қойылады. Мерекеде жастар алтыбақан тебеді, сонымен қатар ауылдық жерлерде ұлттық ойындар ойнайды. Көкпар, бәйге, қыз қуу ойындар аса бір қуанышпен өтеді. Көңілді өткен нурыз мерекесі әр адамның есінде көпке дейін сақталады.

3 «Б» сынып оқушысы
Сабыров Ерхат

                                             Мен Наурызды қалай қарсы алдым.
 Мен бұрын Наурызды халықтың көп жиналып, ән мен күй тыңдап, киіз үйге кіріп ас ішу деп ойлайтынмын. Ал, өткен 2013 жылғы Наурыз менің есімде көп сақталды. Бұл жылы біз сыныптар бойынша ауыл- ауылға бөліндік. Біз 2-сыныптар «Төле би» ауылы болдық. Ата –аналар мен ұстаздарымызбен қосылып өз ауылымызды дайындадық. Мен киіз үйдің қалай құрылатынын бірінші рет көрдім. Құрып болған соң оны әсемдеуге кірістік. Біріміз үйге сырмақ ілдік, біріміз сандық пен көрпе әкеліп жинадық. Наурыз туралы ұлағатты сөздер ілдік. Кілем мен көрпешелер төсеп, дастарханды асқа толтырдық. Жүзге тарта оқушы мен ата-аналар бірге отырдық. Біз өзімізді бір үйдің балалары сияқты туған-туысқандай сезіндік.
 Осы тойда қазақтың көптеген салт-дәстүрлері туралы білдім. Бізідң сынып Наурыз жұмбақ айтты. Мен өз жұмбағымды жасырдым. Балалар өз өнерлерін көрсетті. Ұлттық ойындар ойнап, бір-бірімізге жақсы тілектер айттық. Бұл той маған да, ата-анамызға да ұнады. Биыл да наурызды көңілді өткенін қалаймын. Бәріңізге де келе жатқан жаңа күн мерекесімен құттықтаймын.

3 «Б» сынып оқушысы  
Райкенова Аружан

                                                            Наурыз мерекесі
 Наурыз – табиғаттағы жаңа жылдың басы. Күн ұзарады, жылуы молаяды. Наурыздың жиырма бірінші жұлдызында күн мен түн теңеліп, көктем қанат жаяды. Солтүстікке беттеген қаздар қаңқылдап өтіп жатады. Қазақстанның солтүстігінде наурыз айы қыстың қысымында тұрады. Қазақ халқы Наурыз күнін Ұлыстың Ұлы күні деп жақсылық тілейді.
 Қуанышты күн. Жаңа жыл құтты болсын!

3 «Ғ» сынып оқушысы
Алтынбек Дильназ
 
                                           Мен Наурызды қалай қарсы аламын?
 Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Мерек сәлемдесуден басталады. Біз үйде мерекелік дастархан дайындаймыз. Дастарханға дәстүрлі ет тағамдарын, ұлттық тамақтар қойылады. Бұл мейрамның негізгі асы – наурыз көже. Оны жеті түрлі тағамнан пісіреді. Сөйтіп біз үй-үйді аралап, амандасып, наурыз көже ішеміз. Халықта «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!  Деген сенім бар. Дастархан басында жастар үлкендерден бата алады. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!» деп бата береді. Кешке жақын жұрт үлкен айтысқа жиналады. Мерек қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. Біздер ән айтып, би билейміз. Той тойға ұласады. Міне, Наурыз мерекесі осылай тойланады.

4 «Ә» сынып оқушысы
Сакенова Жансая

                                                Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз
 Қысқы ұйқыдан оянған табиғаттың көктемде құлпыруын ертеректе жансыз дүниеге жан бітуі деп есептеп, бұл құбылысқа ықылас қоя құрметпен қараған. Баяғыда қазақтар Наурызды ұлыс күні деп атаған.
  Ұлыс күні қазан толсы,
  Ол жылы ақ мол болар.
  Ұлы кісіден бата алсаң.
  Сонда олжалы жол болар.
 Ұлыстың ұлы күні қариядан бата алуға үлкен мән берген. Үлкен-кіші жиналып бір дастарханнан наурыз көже ішкен. Наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Наурыз көжені үлкен қазанға пісіріп, бүкіл ауыл адамдары дәмін татады. Көжеге су мен тұздан басқа жеті тағам түрі қосылуы тиіс. Оларды атап айтқанда: бидай, арпа, күріш, тары немесе жармалық дақыл, бұршақ, ет, сүт, май тағы басқалары. Кейде көжеге  жиналған адамдар тең-теңімен орналасады. Ақсақалдар бір бөлек, әжелер біріңғай, жастар, өз алдына жайғасады. Кездесуге келгендер бір-бірімен құшақтасып, амандасып, жаңа жылмен құттықтап, көжені ішкеннен кейін бір-біріне молшылық, денсаулық тілеген. Ақсақалдар батасын берген.

4 «Ә» сынып оқушысы
Слямова Аружан

                                                    Наурыз көже - ұлттық тағам
 Наурыз – көктемнің ең әсем айларының бірі. Біздің халқымыз наурыз айын ерекше  құрметтейді. Бұл күні түн мен күн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Бүкіл тіршілік иелеріне ерекше сезім, қуат және қасиет нұры құйылған мерзім. Сондықтан да наурыз айында қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі тойланады. Мейрам күні қазақтарұлттық киімдерін киіп, бір-біріне қонаққа барады, жақсы тілектер айтады. Наурыз күні ұлттық тағамымыз - наурыз көже пісіріледі. Қазақтар үшін жеті саны қасиетті сандардың бірі. Наурыз көжеде жеті түрлі тағамнан жасалуы тиіс. Оны әзірлеудің тәртібіде ерекше. Сүрленген етті әбден бабына келтіріп пісіреді. Сосын бидайды, арпаны, күрішті, бұршақты және тарыны бөлек қазанға қайнатып алады. Кеспе сорпаға бөлек пісіріледі. Бәрі дайын болғаннан кейін етті турап, бәрін қосып, аздап суытып алып, айран мен қатықты қосады. Мұндай керемет тағам басқа ешқандай елдің асханасында жоқ. Наурыз көжені халық «тілеу көже», «көп көже» деп те атай береді. Наурыз көжеге наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына бата берілген соң жиналға халық: «Ақ мол болсын!» деген тілек айтады. Наурыз көже- халқымыздың қасиетті тағамы. Наурыз көже ата- бабамыздан қалған мұра болып келе жатыр.

5 «Ә» сынып оқушысы
Рахман Әлихан

                                                       Бұлақ көрсең, көзін аш
 Наурыз айында, күн мен түн теңелген кезеңде, айнала жаңарып, кейбір жан-жануарлар ұйқыдан оянатын кез. Наурыз айы біздің ата-бабамыз үшін ең қасиетті ай болып есептелген. Осы айда сай сала толып, өзендер жылғаларынан асып жатады.  Ал мөлдір бұлақтардың көзі ашылып, айналадағы ел бұлақтан су ішеді. Көктем мезгілі жайнаған гүлге толады. Бұлақ қайнар көздің бастауы деп бекер айтылмаған болар, мұның сыры неде? Меніңше, ерте кезден-ақ бұлақты қасиетті су деп  санаған. Себебі, бұлақ суы мөп-мөлдір, тап-таза болып келеді. Одан ғажайыпты да көруге болады. Оның ғажайыбы - үнемі салқын болып тұруында. Өте қызық, қалайша жерден шығып жатқан су салқын болуы мүмкін деп те жиі ойлайтынмын...
 Құрметті оқырман, егер сен де бұл сұраққа жауап іздеп жүрсең, оның сырына екеулеп терең үңілелік... Келе жатқан наурыз мейрамында бұлақ көзін ашып, оған жаңа тыныс сыйла!

5 «А» сынып оқушысы
Жәлел Мирас

                                                        Бұлақ көрсең, көзін аш
 Наурыз – түркі халықтарының басын бір шаңырақтың астына тоғыстыратын мейрам. Ең әуелі ол мен үшін татулық пен туыстықтың нышаны іспетті.
 Наурыз келді дегеніңіз – күллі тіршіліктің жаңадан тынысы ашылды деген сөз. Сонау Самарқанның көк тасы еріп, ақ түйенің қарны жарылған күн! Наурыз бізге өзінің тылсым құпиялы сырымен қымбат. Соның бірі тіршіліктің көзі, қайнар бастауы болған табиғаттың тазалығынан еркелей шығатын – таза бұлағы болып табылады. Алты ай бойы ақ қардың астында  «Қыз Көктемді» сағына күткен ақ бұлақ, міне,  өз көзін ашып көктемді күлімдей қарсы алды. 
 Жалпы адам баласы, ақылы мен пайымы жетсе осы бұлақтай таза әрі табиғи, шынайы болғаны абзал!

6 «Б» сынып оқушысы
Шахидани Ақнұр

                                                                     «Наурыз тойы»
                                                                         
 Наурыз-Қазақ халқының Ұлыстың ұлы күні. Наурыз сөзін парсы тілінен аударғанда –«нау» - жаңа, рыз» - күн деген мағынаны білдіреді. Наурыз мерекесінде адамдар  құшақтасып, көрісіп, бір-бірлерін құттықтайды. Наурызда қазақтың ұлттық ойындары:қазақша күрес, арқан тартыс, алтыбақан, көкпар секіді ойындар ойнатылады. Наурыз айында күн мен түн теңеледі. Наурызда адамдар «наурыз көже» дайындайды. Наурыз көже  жеті түрлі ақ тағамдардан дайындалады. «Жеті» саны  қазақ елінің киелі саны саналады. Наурыз көжеге қосылатын тағамдар:сүрленген ет, сүт, айран, құрт, арпа, тары және т.б тағамдар дайындалады.
 Наурыз мейрамы-22 наурыз күні Қазақстанның барлық аймақтарында  тойланады. Ұлыстың Ұлы күні – қазақ елі үшін қасиетті. Ол күні қар немесе жаңбыр жауса «нұр жауды», туар жыл жақсы жыл болады  деп күтеді.
 Наурыз күні ер адамдар қолдарына күрек, кетпен алып жер жыртады. Наурыз көктем мезгілінің бірінші айы. Наурызда ақ киіз жайылып, барлық  адамдар би билеп, ән салады. Наурыз тойында адамдар пендешілік атаулыдан тазарып, ар- ұжданы алдында арылуы керек. Наурыз тойынды бәйшешектер өсіп, ағаштар бүр  атады. Наурызда барлық қыз-келіншек құлпырып еңбектенеді. Наурыз тойы құтты болсын!
 Алдағы наурыз жақсылықты әкелсің! Барлық адамға бұл наурыз мерекесі жақсылық, тыныштық әкелсін!

10 «А» сынып оқушысы
Нұрбек Айым

                                                      «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері»

                                                                   «...Қазақтың наурызы-дін мейрамы емес,тұрмыс мейрамы, шаруашылық  мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек».
                                                                                                                  М.
Жұмабаев

 Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт - дәстүрлері мен әдет - ғұрыптары рухани, мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымыздың бірі. О баста адам өзін қоршаған ортамен қарым - қатынасы негізінде туындаған халықтық салт - дәстүрлер, діни әдет - ғұрыптар, маусымдық мерекелер және отбасылық семьялық той-томалақтар деп үш топқа бөлінеді. Діни әдет - ғұрыптарға өте ертеден қалыптасқан түрлі ырым -сырым, наным - сенімдермен бірге зороастр, будда, шаман, ислам діндерінен енген рәсімдер жатады. Ал маусымдық мерекелерге жалпы халықтық тойлар — жыл басы тойы — Наурыз, жаз тойы — Қымызмұрындық, күз мейрамы — Мизам (шопандар тойы мен сабантой), қыс тойы — Соғым енеді. Сондай - ақ, биебау, тулақшашар, шашыратқы, сіргетағар, сіргежияр, қоныс тойы, күйек байлау, күйек шешу, жүн қырқар т. б. кәсіптік мейрамдар да маусымдық мерекеге саналады. Ал семьялық тойтомалақтарға келсек, үйлену тойы (құда түсу, жаушы жіберу, қыз таңдау, қарғы бау, үкі тағар, ұрын бару, есік-төр көрсету, қынаменде, жар-жар, беташар, қыз ұзату, келін түсіру, неке қию, отауға түсіру, отқа май құю, өлітірі т. б.), құрсақ шашу, қырқынан шығару, ат қойып, айдар тағу, тұсау кесер, тілашар, сүндет тойы, мүшел тойы, сапар тойы, жерлеу салттары (қара тігу, аза тұту, жаназа шығару, жоқтау, тұлдау, ас беру т. б.) осы топқа кіреді.
 Адам баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап қартайып дүниеден өткенге дейінгі өмірі үнемі сан ғасырлық наным - сенімі, таным - түсінігі, қоғамдық даму барысындағы ізденістері жинақталған салт - дәстүрлер аясында болады.
 «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт -дәстүрлерден этностың мінез - құлқы, үлгі- өнегесі, зейін - зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл - ойы, сондай- ақ, жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз әлемге деген моральдық, танымдық, этикалық көзқарастары көрінеді. Яғни, салт - дәстүр дегеніміз — халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі.
 Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу- әрқайсысымыздың борышымыз. Халықтың атадан балаға көшіп, жалғасып және дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі салт-дәстүр арқылы танылады. Салт-халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізі. Мысалы, наурыз көже, қыз ұзату, қонақасы, шашу, ерулік ата салтымыз болып саналады. Қазақтың өмір салты, өнер салты-тарихи мәдени мұра. Дәстүр-мәдениеттілік белгісі. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, құрдастық қалжың, сәлем беру, ат тергеу т.б дәстүрге жатады. Бір таңқаларлық жай қазақ халқы салт пен дәстүрге өте бай. әдет, ғұрып, ишара, ырым, тиым, дағды, ым бәрі де осы салт-дәстүр мұхитының салалары мен тармақ тамшылары болып саналады. Әдеп (дәстүр, тәрбие) «Әдепті дегенше, әдемі десейші» (мәтел) үлкен-кіші болсын әдеп сақтау халықтың тәлім-тәрбиенің аса үлгілі, тәрбие ісіндегі қалыптасқан заңы, жолы бар ерекше қасиетті тәлімдік дәстүрі. Мысалы үлкеннің жолын кеспеу, бұрын сөйлемеу, ата алдындағы иба, халық ортасындағы инабат, мешіт ішіндегі әдептілік, сәлем беру, сәлем алу жолы тағы сол сияқты адамгершілік,, сыйлау, сыйласу, халқымыздың ертеден келе жатқан әдет әрі ғұрпы Қазақ халқының бұрыннан пайда болған салт-дәстүрлері басқа көршілес жатқан ұлттардың салт-дәстүрлеріне ұқсас болып келеді. «Қырғыз, қазақ бір туған» деген мақал қазақ халқы мен қырғыз халықтарының бір-біріне өте ұқсас екенін көрсетеді. Сонымен қатар, түркі тілдес халықтар да қазақ халқымен бір қандас болып келеді.
 Қандай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Мысалы,қазақтарға тән бауырмалдық,ақжарқындық, қонақжайлық. Әрине, бұл қасиеттер басқа халықтарда да кездеседі. Бірақ бұл қасиеттер әр халықта әр қырынан көрініс береді. Сонымен ұлттардың салт-дәстүріндегі мінездері мен қасиеттері бір-біріне ұқсап,бірін-бірі толықтырады.Қазақ халқының салт-дәстүрлері осы ұлттың мінез-құлқын,қасиеттерін көрсетеді. Кейбір салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне,ырымына, қарай қалыптасып, келеді. Қазақта «Алты жыл аш болсаң да,атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері оның ұмыт болмағанын паш етеді.Қазақ халқының салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты, ұрпақтан-ұрпаққа берілгенде ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Қазіргі уақыттың өмір ағымына байланысты кейбіреулері түрленіп қана қоймай, жаңадан еніп те жатыр. Салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесіндегі мәні зор. Ол бала тәрбиесіне байланысты, тұрмыс-салт және әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үш түрге бөлінеді.Бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім-тәрбиелерінен бастап, есейіп азамат болып кеткенге дейінгі кезеңі кіреді. Мысалы: шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу,қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той, тіл ашар,ұл бала мен қыз баланы жанұя болуға, шаруашылыққа, еңбекке,өмірге бейімдеу. Тұрмыс-салт дәстүрлеріне қазақтың киіз үйі, киіз үйдің немесе тұрғын үй жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар; мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді.Ал, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге:қазақ ауылы, ауыл-адамдарының туыстық қатынасы, шешендік сөз өнері, қазақтың ұлттық әуен аспаптары, үйлену-үй болуға байланысты, қонақ күту, ұлттық мерекелерді өткізу сияқты түрлері кіредіҰлттық салт пен дәстүрдің тууы, ұлттың ұлт болып қалыптасуына байланысты қазіргі ғылыми дәлелдеулер бойынша,  қазақ ұлтының алғашқы пайда болуы XIII - XIV ғасырларда басталды деп жүрміз. Олай болса, сол дәуірден бері қарай қазақтың көптеген әдет - ғұрып, салт - дәстүрлері қалыптасып, дамыды. Оның озық үлгілері ұрпақтан ұрпаққа көшіп, біздің дәуірімізге жетті. В. Г. Белинский салт - дәстүрдің өміршеңдігі жөнінде: "Әдет - ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып, ата - бабадан әулетке мұра болып ауысып, рудан - руға, ұрпақтан - ұрпаққа жетеді. Олар халықтың сыртқы бейнесі болып табылады. Онсыз халық бет әлпетсіз бейне, болымсыз тас мүсін тәрізді"- дейді. Әрине, әр халықтың өзіне тән салт - дәстүрлері,  әдет - ғұрпы болады. Олар сол халықтың ерекше белгісі болып табылады.
 Көптеген салт - дәстүрлер ұлттың ұлт болып қалыптасуынан бұрын пайда болған. Сондықтан ол кейде бірталай ұлттарға ортақ мәнді дәстүр болып келеді. Мысалы, асар - қырғыз, қазақ, өзбек, тәжік, түрікмен халықтарына ортақ өте ертеде пайда болған дәстүр. Салт - дәстүр халықтардың тіршілік кәсібіне, наным - сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысына туып, қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Оның жаңа қоғамдық қатынасқа қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері дамып, жаңа мағынаға ие болады. Мысалы, қазақтар жауынгершілік заманында қой сойып, қанына найзасын малып, бір - бірімен анттасып достасқан. Достықты бұзғанды ант атсын деп серттескен. Бертін жаңа қоғамның дамуына байланысты анттасу салты мүлде жойылды. Қазақ халқының салт - дәстүрлері: бала тәрбиесіне байланысты салт - дәстүрлер, тұрмыс салт - дәстүрлері, әлеуметтік - мәдени салт - дәстүрлері болып үш топқа бөлінеді.
 Бала тәрбиесіне байланысты әдеп - ғұрыптарға баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім - тәрбиелік дәстүрлерден (шілдехана, балаға ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тіл дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той т. б.) бастап, қыз бала мен ұл баланы келешек отбасы - жанұя құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған азаматтық жөн - жоралғылар кіреді.
 Қорыта келгенде жоғарыда айтылғандарымыздың бәрі де сонау ғасырлар қойнауына кететін халқымыздың тарихи шежіресі мен мыңдаған жылдық тәжірибесінің бізге жеткен кәусар бұлактың бір тамшысы ғана. «Тамшыдан теңіз құралады» дегендей,кейінгі жылдарда көмескіленіп қалса да, көмілмей жеткен ұлттық салт-дәстүріміздің нәрі мен сөлін бойымызға дарыта алсақ - тілегіміздің ақталғаны.

9 "Ә" сынып оқушысы 
Ибраева Толғанай 
                                                «ҰЛЫСТЫҢ  ¥ЛЫ КҮНІ  —  ¥ЛЫС КҮН»
 Наурыз - өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Көшпелілердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, әрбір жыл алты ай жаз («йас») бен алты ай қысқа («қыш») бөлінген. Тіліміздегі «алты ай жаз бойы», «ала жаздай», «алты ай қыс бойы», «ала қыстай» секілді сөз оралымдарын осы бір түсініктің жаңғырығы десек болады. Жаз айларында дүние кеңіп, шаруадан мойын босап, жер бетін қуаныш, шаттық жайлайтындықтан - «жағымды», ал қыс айларында суық, аштық, жұт болатындықтан - «жағымсыз» саналған. Әуелгі адамдардың жақсылық пен жамандыққа жан бітіріп, оларды адам бейнесінде айтыстырып, күрестіргені туралы қызықты мәліметтер көне жазбаларда көптеп сақталған. Мәселен, біздің жыл санауымыздан бұрын дүниеге келген қасиетті «Авеста» кітабында, XIғасырдағы түрісі тілдерінің энциклопедиясы —«Диван лұғат -ат - түрк» сөздігінде, сондай- ақ қазақ халқының қиял- ғажайып ертегілерінде осындай ұқсас сюжеттер қайталанып отырады. Соғдалықтар жақсылыққа «Ахуромазда», жамандыққа «Ахирман» деп ат қойса, бұрынғы қазақтар жақсылықты «Кие», жамандықты «Кесір», қысты «Зымыстан», жазды «Табысқан» деп атаған.
  «Атасы мен анасы,
  Үш жүз алпыс бес баласы,
  Он екі ауыл шамасы,
  Отыз ор дуадақ,
  Бес балақ сан,
  Елу екі қарақшы»,—
деп халық жүмбағында айтылғандай, қазақтар бір жылды әрқайсысы отыз күннен тұратын он екі айға бөлген. Жыл соңындағысанатқа кірмей қалған 5 (6) күн - «бес қонақ» деп аталады. Мұны фарсылар «фэнджи», сотистік календарьда «эпагоменай» (шолақ ай) дейді. Ежелгі сенім бойынша жаксылық пен жамандықтың жан алып, жан берісіп өмір үшін күресуі санатқа кірмей қалған осы уақыт аралығына сәйкес келеді. Осы бір «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер, өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар» қиын, қысталаң күндері халық тілінде «өліара» деп аталады. Қазақтар осы 5 (6) күнді өткізіп жібермей жолаушы шықпайды, қоныс аудармайды, жиын - той жасамайды, мал сойып, қонақ шақырмайды. Ақсақалдар өліарада «апыр-ай, қайтер екен» деп ауыл иттерін де үргізбеген.
 Қыс пен жаздың халық санасындағы осы көрінісі кейбір ғалымдардың Наурыз мейрамының шығу тегін дуалистік теориядан іздеп, Жақсылық пен Жамандықтың, Қыс пен Жаздың, Суық пен Жылының, Қайырымдылық пен Қатыгездіктің күресінен туған деген ой қорытындылауына себеп болды . Алайда, «Екі жарты — бір бүтін», «бірлік болмай — тірлік болмас», «тіршілік көзі — бірлікте» деген халық даналығына үңілсек, ата -бабаларымыздың жаратылыс жайындағы түсінігі басқаша екенін көреміз. Бірінсіз бірі болмайтын, үнемі бірін екіншісі алмастырып отыратын тіршіліктің құралым бөлшектерінің үйлесімді бірлігінен бір тұтас жаратылыс, тіршілік туса керек. Мәселен, күн-түн=тәулік, қыс-жаз=жыл; күйеуі-жұбайы= отбасы т. б.
 Көшпелілер жыл басын Наурыздан бастайды.
 Бұл күн — аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні — ұлыс күн» деп атаған. Григориан календары бойынша ескіше 9 март, жаңаша 21 - нен 22 - не қараған түн осы күнге сәйкес келеді.
 Наурыз сөзі иран тілінің ноу - «жаңа», руз - «күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «наурыз» сөзі — біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден, март айы, үшіншіден, ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады.
 Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс - салтында бағзы замандардан бері орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», соғдалықтар «Наусарыз» армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар Хайям еңбектері арқылы жетіп отыр. Мәселен, иран тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май қүяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешек егін жайлы болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже - «сумалак» ұсынады; ағаш соқамен бір борозда жыртады, ат шаптырып, жамбы атысып жарысады; көнетоз киімдерін тастап, үйдегі ескі шыны -аяқты сындырады; бір - біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою - «күн символын» салады; үйдің тіреу ағашына гүл іледі.
 Қазақтар Ұлыс күнді «жыл басы» санайды. Тілімізде Наурызға қатысты «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұлыстың үлы күні - ұлыс күн», «ұзақ ұшып келген күн», «жыл басы» - жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн, «көк кұт көзін (өсімдік) ашқан күн», «жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі сөз оралымдары сақталған. Осылардың біріне - «Самарқанның көк тасы еріген күн» дегенге тоқтала кетпесе болмас.Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 март түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн — «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр - адамдарға дәулет дарытып, бақ кондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып персонаж. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы — Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себездеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа - тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күнгі таңғы сағат 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек. Наурыз күні наурыз көже пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс-жидектер) және қызылдан (еттен жасалатын тағамдар) жеті түрлі дәм қойылады. Қалыптасқан салт бойынша қойдың басын ауыл ақсақалы мүжиді. Ал басқалары «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» десіп, наурыз көжені тоя ішіседі. Көже ішіліп болған соң, төрағасы қолын жайып:
  «Бақытты ас берсін,
  Ұлыстың ұлы күнінде,
  Ұлың оңға консын,
  Қызың қырға қонсын,
  Қыруар малың өріске толсын,
  Дәулетіңді асырсын,
  Дұшпаның басылсын,
  Менің берген бұл батам,
  Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам» - 
деп үй иесіне батасын берген.